Мемлекеттің үлесі бар қазақстандық банктер мен «БТА Ипотека» ипотекалық несиелеудің бірыңғай стандарттарын қабылдады
Бүгін Алматыда мемлекеттің үлесі бар - «БТА Банк», «Альянс банк», «Темірбанк» және «БТА Ипотека» Ипотекалық ұйымы» АҚ-дары ипотекалық несиелеу нарығында жұмыс жүргізудің бірыңғай стандарттарын қабылдауға келіскені туралы мәлімдеме таратты,
Оған түрткі болған жәйт - несие алушылардың төлеу қабілеттілігінің төмендігі мен қазақстандық банктердің несиелік қоржындары сапасының нашарлауы болды. Бұл жағымсыз ағымдарды жеңу үшін және қазіргі проблемаларды шешу мақсатында олар несие алушылардың кең тобына арналған жүйелі шешімдердің үш пакетін жасап шығарды.
Біріншісі - әлеуметтік жағынан қорғалмаған, ипотекаға сатып алған жалғыз тұрғын үйі бар несие алушыларға арналған. Несие алушылардың бұл тобына ипотекалық заемды қайта құрылымдау механизмі ұсынылатын болады. Бұған ағымдағы ай сайынғы төлемнің 10 пайызға уақытша азаюы және екі жылдық жеңілдік мерзімі кіреді.
Екіншісі - ипотекаға сатып алынған тұрғын үйді жалға беру механизмі енгізілген. Ол объективті себептермен, ағымдағы ай сайынғы төлемдердің 50 пайызынан астам сомасын төлей алмайтын несие алушылар тобына ұсынылады. Осы механизмді іске асыру несие алушылардан тұрғын үйді ағымдағы нарық бағасымен сатып алып, ары қарай 2 жыл бойы жалға беруді көздейді. Осылай несие алушылардың бұл тобы тиімді шарттарда өз үйінде ары қарай тұра беру мүмкіндігін алады, ал ай сайынғы жалдау төлемі қазіргі несие өтемдерінің 50%-нан аспайды. Екі жыл өткеннен кейін несие алушы үйді қайта сатып алу құқығына ие болады. Ал тұрғын үй бағасы клиенттің банк алдындағы қалған берешегіне теңеледі.
Үшіншісі - үстемақы мөлшерлемесін азайту мүмкіндігі мен несиелеу мерзімі 3 жылға ұзартуды қарастырады. Әрбір жағдай бойынша шешім жеке қабылданады.
Мемлекеттік үлесі бар қазақстандық банктер ипотекалық несиелеу нарығында проблемаларды шешудің осындай кешенді тәсілді пайдалану тиімді және лайықты болатынына кәміл сенеді. Бұл шаралар ипотекалық несиелер бойынша бар берешекті шығынға жазуды білдірмейді. Ол бұл ипотека нарығындағы жағдайды оңалтуға және қазақстандық несие алушыларының қарыз ауыртпалығын жеңілдетуге бағытталады.
Жалпы қазақстандық ипотекалық несиелеу нарығындағы проблемалар әлемдік қаржы дағдарысының әсерімен 2007 жылдың күзінде басталды. Ипотекалық нарықтағы дағдарыс белгілеріне нақты қарсылық ретінде ипотекалық заемдарды қайта қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Ол 2009 жылы Үкімет бастамасымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және бірқатар қазақстандық банктер арқылы жүзеге асырылды. Бұл мақсаттарға мемлекет 120 миллиард теңге бөліп, бұлар еліміздің 8 коммерциялық банкі арасында бөлінді. Осы бағдарлама аясында 15,3 мыңға жуық несие қайта қаржыланып, олардың үстемақы мөлшерлемелері 4,5 пайызға азайды (несие алушылардың стандарты тобы үшін 12%-ға дейін, және халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмағандары үшін 7,5%-ға дейін). Бұл бағдарламаны жүзеге асыру арқылы несие алушылардың қарыздық жүктемесі, орташа есеппен, 17 пайызға жеңілдеді. Сонымен бірге, бағдарламаға қатысқан банктер қайтарылатын қаражат есебінен 15 жыл ішінде жаңа несие беру мүмкіндігін алды. Сондай-ақ, 2009 жылдың нәтижелері бойынша «Альянс банк», «БТА Банк», «БТА Ипотека» және «Темірбанк» 13 мыңға жуық төлемдер бойынша мерзімді ұзартып, ал кешірілген өсімпұл сомасы 32,5 миллиард теңге құрады. 2009 жылдың соңындағы жағдай бойынша, аталған қаржылық институттардың ипотекалық несиелер мен жылжымайтын мүлік кепілдігіне берген несиелердің көлемі 507,7 миллиард теңге болып, саны 141,6 мыңды құрады.
Негізі: ҚазАқпарат,27 сәу 2010
Сіз осы жаңалыққа қатысты өз түсініктемеңізді немесе ойыңызды қалдыруыңызға болады. Ол үшін төмендегі сілтемені басыңыз.
|
|