Кедендік одаққа қатысты мемлекеттік органдар да, жеке кәсіпкерлік те белгілі бір бейімделу кезеңін бастан өткеруі тиіс - Қ. Тоқаев
Кедендік одаққа қатысты мемлекеттік органдар да, жеке кәсіпкерлік те белгілі бір бейімделу кезеңін бастан өткеруі тиіс.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен «Өңір» депутаттық тобының отырысы барысында Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Депутаттардың алдында жаңа құрылып жатқан Кедендік одақтың мақсат-міндеттерін түсіндіру бойынша үлкен жұмыстар тұр. Халық, әсіресе кәсіпкерлер осы ықпалдастық бірлестікке қатысты бізден мәнді дәлелдер күтеді. Кедендік одақтың қызметіне қатысты мәселелерге еліміздің көптеген тұрғындары жіті назар аударуда. Таза экономикалық мәселелерден басқа, бұнда саяси қырлар да көрініс береді. Дегенмен, бұндағы бір анық нәрсе - мемлекеттік органдар да, жеке кәсіпкерлік те белгілі бір бейімделу кезеңін бастан өткеруі тиіс. Бұл толық табиғи құбылыс. Алайда, депутаттар Кедендік одақтың негізгі мәнін түсіндіру бойынша жұмыстарын ешқашан күн тәртібінен алып тастамауға тиісті», деді Қ. Тоқаев.
Палата Төрағасының айтуынша, Кедендік одақ Қазақстан Президентінің ықпалдастық идеясының нақты іске асырылған көрінісі болып табылады. «Ықпалдастық негізінен біреуге ғана пайда әкеліп, қалғанына залалды бола алмайды. Ықпалдастық - өзара есептесу мен ұзақмерзімді мүдделер жемісі болып табылады және бұл барлық тарапқа тиімді құбылыс ретінде саналады. Сондықтан да Қазақстан өзінің экономикасын дамыту үшін және Елбасының стратегиялық тапсырмаларын жүзеге асыру үшін аса жағымды қадам жасады. Бұл реттегі ықпалдастық әлемдік экономиканы дамытудың магистральді бағыты. Батыс пен Шығыс арасындағы көліктік коммуникацияның ортасынан орын тепкен Қазақстан еуразиялық ірі мемлекет бола отырып, әрине бұндай басты үдерістен шет қала алмайды», деді Қ. Тоқаев.
Негізі: ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/,10 нау 2010
Сіз осы жаңалыққа қатысты өз түсініктемеңізді немесе ойыңызды қалдыруыңызға болады. Ол үшін төмендегі сілтемені басыңыз.
|
|