Жекелеген өңірлерде кадрларды даярлау Индустриялық бағдарламаға қатысы жоқ мамандықтар бойынша жүргізіліп жатыр - Г. Әбдіхалықова
Еліміздің жекелеген өңірлерінде кадрларды даярлау және қайта даярлау Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысы жоқ мамандықтар бойынша жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылғы қаңтардың 25-інде болған селекторлық кеңестің хаттамасы бойынша әкімдерге 2010 жылы кадрларды даярлауды Жол картасы және Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобаларының қажеттілігіне бағдарлау тапсырылған болатын. Алайда, жергілікті атқарушы органдардың сәуірдің 1-інде берген деректері бойынша, жекелеген өңірлерде кадрларды даярлау және қайта даярлау, біздің пікірімізше, не Жол картасына, не Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысы жоқ мамандықтар бойынша жүргізіліп жатыр. Бұлар бухгалтер, ЭВМ операторы, шаштараз, косметолог», деді Г. Әбдіхалықова.
Осы орайда министр білім және ғылым министрлігімен, Индустрия және жаңа технология министрлігімен бірлесіп аталмыш мәселені пысықтау қажеттігін атап көрсетті.
Оның сөзіне қарағанда бұған қоса министрлік 2009 жылғы Жол картасы шеңберінде оқытылған азаматтардың жұмысқа орналасуына талдау жүргізген, оның көрсеткіштері бірқатар өңірлерде төмен болып отыр. Олардың 62 пайызы ғана жұмысқа орналастырылған.
Негізі: ҚазАқпарат. /Ернұр Ақанбай /,27 сәу 2010
Сіз осы жаңалыққа қатысты өз түсініктемеңізді немесе ойыңызды қалдыруыңызға болады. Ол үшін төмендегі сілтемені басыңыз.
|
|